Дін қызметкері қандай болуы тиіс ?!
Дін қызметкері қандай болуы тиіс ?!

Дін қызметкері қазіргі қоғамда қандай болуы керек, бойында қандай қасиеттер табылуы тиіс және имам кім, қоғаммен қалай жұмыс атқаруы қажет - деген сұрақтар дінтанушылар арасында және қарапайым халық арасында жиі сұралып жүргенін байқаймыз. Сондай-ақ университет қабырғасында сабақ беру барысында, еліміздегі қоғамдық жұмыстарға атсалысып дінге қатысты семинарлар өткізіп жүрген кездерде кейбір студенттерден және халық арасынан осы секілді сауалдар жиі қойылады. Енді біз осы сұрақтар аясында жауап іздеп көрелік.

Дін қызметкері жанұясында және социумда басқаларға қарағанда кейбір ерекшеліктерге ие болуы керек. Әрине әр саланың өз ерекшеліктері және өз талаптары бар. Бұл мамандықтың иесі өз қатарларынан әлде қайда озық ойларымен, позитивтік келбетімен елге танымал, әрдайым өзін жетілдіруді көздеген, елдің бірлігін ойлаған және қоғамға қызмет ету мақсаты жоғары болуы тиіс. Бұл тек қана дін қызметкерінің бойындағы қасиет емес, барлық саланың өз идеалды адамдары болады.

Дін қызметкері, дінді талдап ажырата алатындай бұл саланы меңгеруге міндетті. Ол үшін әрине дін саласында еліміздегі белгілі университеттерде білім алып, елдің тарихи келбетімен, дәстүрімен таныс болғаны жөн. Сонымен қатар дін мамандығымен қоса тарих, әлеуметтану, психология, философия және әдебиет секілді тағы да басқа ғылым салаларынан хабардар болғаны абзал. Университет қабырғасында көрген, үйренген білімін қызметте жүргенде іске асыра алатындай қабілеті болуға тиісті. Қызметте жүрген де және қоғамдық орындарда дін саласына қатысты түсіндіруде және көзқарастарын білдіру кезінде айтқан сөздері нақты ғылыми негізге сүйенуі қажет. Сол кезде бұл адам қазіргі қоғамға өз септігін тигізері анық.

Қазіргі таңда дін маманы, әлемдегі болып жатқан әлеуметтік және мәдени өзгерістерді, даму үдерісін бақылап отырғаны жөн. Ол үшін әрине шет тілдерінен хабары болуы керек. Өз саласына қатысты елдегі болып жатқан мәселелерден, заңға еңгізілген кейбір өзгерістерден, ақпараттық технологиялар жүйелеріндегі жаңалықтарды біліп, бақылап отырғаны абзал. Дін маманының бойында жақсы қасиеттер, этикалық, моральдік құндылықтар табылуы керек.  Сондай-ақ барлық айналасындағы адамдарға бірдей қарауы, алдына кім көмек, ақыл-кеңес сұрап келсе де оларға жылы шырай танытқаны абзал, қолынан келсе көмек беріп, болмаса оған көңілін жұмсартатындай және үміт беретіндей сөздер сөйлеу. Әрине бұл  қасиеттерден басқада қаншама мәселелерді қозғауға болады. Егер де дін маманының бойы жақсы қасиеттермен сусындаған болса, ол оның қызметінде және қоғамда беделін арттырары сөзсіз.

Қазіргі елімізде талаптарға сай және мемлекетіміздің тұғырлы саясатына орай дін маманы саяси мәселелерде бейтараптылықты ұстануы керек. Зайырлылық еліміздің ұстанған саясаты. Бұны Қазақстан Республикасы Ата заңында 1-баб, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады делінген».  Елде көптеген діни бірлестіктер және ұлттардың бары анық. Мемлекетімізде ұлтаралық және дінаралық келіспеушіліктердің немесе қақтығыстардың туындамауы үшін басқалардың құқықтарының тапталмауы, ар-намыстарының қорғалуы мақсатында еліміз үйлесімді ымырада өмір сүріп, болашаққа қарай қадам басып белсенді дамуы үшін, Елбасымыз айтқандай: «зайырлылық қазіргі күннің талабы». Міне жоғарыда көрсеткеніміздей қазіргі күннің талаптарын дін маманы жақсы білуге тиісті. Дін маманы қоғамдық орындарда дінге қатысты қандай да бір лекциялар немесе семинарлар жүргізер болса, оның сөзі халықты бөлінушілікке емес, бірлікке шақырғаны абзал.

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасында халықтың руханиятында аянбай еңбек етіп жүрген имамдарымыз да аз емес. Мешіттерге келген жамағаттарға және мемлекет тапсырмасымен қоғамдық орындарда да белсене ат салысып жүрген Діни Басқарманың қызметкерлерінде көрудеміз.

Мешіттегі қызметкерлерге қысқаша тоқталар болсақ, оның ішіндегі имамдарымыздың орны ерекше. Сонымен бірге мешіт қызметінде жүрген азаншылар мен ұстаздарға да қысқаша тоқталғанды жөн көрдік. Енді имам, ұстаз және азаншы ұғымдарына түсініктеме бере кетейік:

«Имам» – сөздік мағынада: көсем, басшы, үлгі, жол көрсетуші дегенді білдірсе, көптеген мағыналарға келетін имам сөзі діни терминдік анықтамасында: өкімет басшысы, ғылымда озық болған, дін басшысы, мешітте намаз оқытатын және мұсылмандардың рухани жетекшісі деген түсінікке саяды.

«Ұстаз» - сөзінің анықтамасы: оқытушы, жетекші, профессор, шебер мағынасына сай, мешітке келіп діни сауат аламын деушілерге сабақ беретін тәлімгер тұлғаны айтамыз. «Ұстаз»  сөзінің синониміне «Мұғалім» сөзін жиі естиміз. Бұл өз кезегінде, сөздікте «тәлім беру, оқыту, үйрету» мағыналарын білдіреді. «Ұстаз, Мұғалім» сөздерін мектеп қабырғасында естіп өскеніміздей, мешіт – медресе де тәлім беруші жандарға да қолданады.

          «Азаншы» – сөзінің анықтамасы: хабарлау, білдіру, шақыру болса, діни терминдік анықтамасында: азан шақыратын, намаз уақыттарын білдіретін адамға айтылады.

          Құран Кәрімде және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де бұл үш сөз жайында баяндалып өтеді. Бақара сүресі 124-аятта: «Әрине сені адамдарға басшы қыламын», Әнбия сүресі 73-аятта: «Оларды әміріміз бойынша тура жол көрсететін басшы қылып, ...» деуімен, имам сөзі пайғамбарларға жүктелген бір міндет екені көрінеді. Сондай-ақ, ұстаз, білім иесі жөнінде Нахл сүресі 43-аятта: «Егер білмесеңдер ғылым иелерінен сұраңдар,...» деп ғылым меңгерген, білім берушінің рөлін меңзейді. Зүмәр сүресі 9-аятта «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп ғылым иелерінің дәрежесін айқындайды. Білім иелерінің қашанда, ұстаздық ететіндігін, жол көрсетіп, жөн сілтейтін темірқазық екендігін байқаймыз. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп атамыз қазақ айтқандай, ұстаздықтың жемісі шәкірт көрінісінде болмақ. Азан сөзіне байланысты да Құран Кәрімде бірнеше жерде келеді, соның бірі Хаж сүресі 27-аятта: «Адамдарды қажыға шақыр, ....» деп келеді.

          Исламда ең мәртебелі қызметтердің бірі ол – азаншының міндеті. Адамдарды күніге бес уақыт намазға шақырып, Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігін жариялап, мұсылмандарды намазға шақырады. Азаншыға байланысты хадистерде аз айтылмаған. Соның бірі Әбу Хурайрадан жеткен хабарда: Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Егер Адамдар азан оқылу мен намаздың алдыңғы сапында тұруда қандай (хайыр,берекет) бар екенін білсе, жеребе тастаудан басқа жол жоқ болса, міндетті түрде жеребе тастар еді» делінгендей (Бухари, Азан 9, 32; Муслим, Намаз 129;), «Азаншылардың бойы Қиямет күні адамдардың ішінде ең ұзыны (барлығының көре алатындығындай) болады» (Муслим, Намаз 14.),

          Міне көргеніміздей Құран Кәрім аяттарына және Пайғамбарымыздан келген хадистерге қарайтын болсақ, бұл үш қызметтің де аса маңызды екенін байқаймыз. Сондай-ақ бұл діни қызмет, адамдардың сенім және амал мәселелерінде жол көрсетушісі. Әрине Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінберінде отырып, оның сәлдесін киіп және Исламдағы жағдайлардан айтып, Құран Кәрімнен және Хадистерден мысал келтіре адамдардың руханиятын сусындатып жүрген адам, бұл мәртебеге лайықты болуы тиіс.

          Сонымен қатар Мешітке келушілер немесе жамағат әр-түрлі деңгейдегі адамдардан тұрады. Мысалға: Жас бала, қартайған кісі, бай, кедей, түрлі саладағы қызметкерлер, шаршап келетіндер, науқас болып келетіндер, үйрену үшін, енді бірі сынау үшін, ғибадат жасауға еш құштарлығы жоқтары да кездеседі, айтылғанды бірі тез, бірі баяу қабылдайды, көргеніміздей жамағат ішінде осыған ұқсас қаншама адамдар болуы мүмкін. Жамағаттардың арасында осыншалық әр-түрлі адамдардың болуы, имамдарымыздың қаншалықты деңгейде сауатты екенін, қоғамдағы әр қилы жағдайда сыналатындығын көрсетеді.

          Мешіт қабырғасында қызмет етер имам, ұстаз, азаншы тұлғалары қашанда халық назарында. Оларды көпшілік халық Алланың жолын ұстанған, Пайғамбар (с.а.с.) ілімін жеткізуші бейкүнә жандар есебінде көреді. Солай болуын қалайды. Әрдайым оларды үлгі тұтады. Айтқандарына қалтқысыз сеніп қабылдайды. Осы қалыпты сақтау әрбір дін маманының міндеті болмақ. Адамзатқа адамгершілікті айшықтап ашу, Алланың аманатын арқалаған дін мамандарының үлесі. Және бұны Құран көрсеткен тәсілде жүргізеді. Нахл сүресі 125-аятта « (Ей, Мұхаммед!) Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр әрі олармен ең жақсы нәрселер арқылы пікір бөліс.,....» деп бұйырғанына сай, Пайғамбар (с.а.с.) өзіне жүктелген міндетті (яғни, адамзатқа Алланың жалғыздығын жеткізіп, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару істерін) толық орындап кейінгілерге үлгі болып көрсетті. Қалам сүресі 4-аятта «Және сен, шын мәнінде, ұлы мінезге иесің» (Аса ұлы Алла Мұхаммедке (с.а.с.) кемел мінез-құлық берді. Оның мінезі Құрандағы ізгі сипаттарды қамтыған. Аса ұлы Алла адам баласы үшін Мұхаммедтің (с.а.с.) мінезінің әрбір қырын ең жетілген үлгі етті. Ибн Касир, А. Саъди) Дін мамандары да осы жолды үлгі тұтады. Қандай күйде болмасын, қашанда көркем мінезді көрсетіп мінез-құлығын түзей білген дін қызметкерлері Пайғамбар (с.а.с.) өнегесіне амал етеді. Алла Елшісінің (с.а.с.) көркем мінез-құлықты адамды сүйіншілеп дәріптеген, мақтап қуантқанын мүбәрак хадистерінен кездестіреміз.

«Нәби (с.а.с.): «Менің сендердің араларыңдағы ең жақсы көретінім және қияметте маған ең жақын болатындарың кім екенін айтайын ба?»-деп сұрап, сұрағын үш немесе екі рет қайталады. Адамдар: «Я, Расулуллаһ (с.а.с.)! Иә, айтыңыз»-деді.

-        Мінез-құлығы жақсыларың.» (хадисті Абдулла ибн Ъамрден имам Ахмад риуаят етті.)

«Қиямет кұні таразыға қойылған нәрсенің ішінде көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды. Расында көркем мінез иесі күндіз ораза ұстап және түні бойы намаз оқығанның дәрежесіне жетеді.» (хадисті Әбу Дардадан имам Тирмизм риуаят етті.)

«Расулуллаһ (с.а.с.) ұятсыз сөз айтпайтын және әдепсіздік істемейтін. Әрі: «Сендердің абзалдарың мінез-құлығы жақсы болғандарың»-деп айтатын.» (хадисті Абдулла ибн Ъамрден имам Бұхари және имам Мүслим риуаят етті.)

Мұсылман баласының бойынан табылуы керек болған бұл қасиеттерді дін мамандары өмірде өнеге болып үлгі көрсетуде.

          Алла тағала дін қызметкерлерін (имам, ұстаз, азаншы), сондай-ақ өзге салаларда да еңбек етіп жүрген иман иелерін аман қылып, еңбектерінің жемісін осы дүниесі мен ақыретінде де көруін, әрдайым Алла жолында абыройлы болуын, халыққа қалтқысыз қызмет етуін, ел ішінде Құдайдың Құраны мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннетінің үлгісі бола берулерін нәсіп етсін!

 

                       Тлеубердиев Б.К. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Абдуллаев Н.К. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы

БахытБахыт
5 жыл бұрын 21749
0 пікір
Блог туралы
0
0 0 0 0 0